03.02.2015 - ҚАЗТЕСТ аймақтардағы жұмысын жалғастыруда: Алматы облысында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеудің екінші кезеңі басталды

2015 жылдың 26-31 қаңтар аралығында Алматы облысында мемлекеттік және азаматтық қызметшілер арасында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу өткізілді.

Отандық ҚАЗТЕСТ жүйесінің бірінші кезеңі сөйлеу әрекетінің үш түрі: тыңдалым, қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымы және оқылым бойынша бағалауды қамтитын қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау тестілеуі – диагностикалық тестілеуден тұратыны мәлім. Бұл тестілеудің нәтижесінде 150 тест тапсырмасынан жиналған жалпы балл көрсеткіші бойынша тыңдаушының болжамды қазақ тілін меңгеру деңгейі төмендегі межеге сәйкес анықталады:

ҚАЗТЕСТ жүйесінің екінші кезеңі – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын сертификаттық тестілеу. Сертификаттық тестілеу барысында тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым және оқылым бөліктерінен тыс сөйлеу әрекетінің өнімді түрі – жазылым бөлігі бағаланады. Деңгейге байланысты жазба жұмыстарының келесі түрлері ұсынылады: А1, А2 – диктант, В1, В2 – мазмұндама, С1 – эссе. Сертификат алу үшін тестіленушінің нәтиже көрсеткіші әр бөліктен 60%-дан кем болмауы тиіс (тыңдалым – 18, лексика-грамматикалық құрылым – 42, оқылым – 30, жазылым – 30 балл).

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу өткізуге бірден-бір құзыретті мекеме – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында берілетін сертификаттар тыңдаушының оқу курстарын сәтті аяқтауын ғана растайды, бірақ ҚАЗТЕСТ жүйесінің сертификаты болып табылмайды.

Қазіргі таңда диагностикалық тестілеу республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен ҰТО тарапынан АҚЫСЫЗ НЕГІЗІНДЕ өткізіледі. Сертификаттық тестілеу ақылы негізде өткізілу себебі – тестілеуді өткізетін құзыретті мекеме Республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорын болып табылады. Тестілеу бекітілген баға анықтамалығы негізінде өткізіледі, оның құны – 4 841 ТЕҢГЕ. Сертификаттық тестілеуге қатысу үшін тестіленуші кез келген банкте «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның төлем деректемелерін көрсетіп төлем жасай алады.

2015 жылы Алматы облысында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеудің екінші кезеңі – сертификаттық тестілеу ұйымдастырылды. Талдықорған қаласында ең алдымен 23 адамнан қарапайым деңгей А1 және 25 адамнан базалық деңгей А2 бойынша тест алынды. Сонымен қатар 1118 тестіленуші үшін диагностикалық тестілеу өткізілді. Талдықорған қаласы бойынша – 120 адам, Талғар ауданы – 212 адам, Қарасай ауданы – 164 адам, Көксу ауданы – 163 адам, Еңбекшіқазақ ауданы – 206 адам, Ескелді ауданы бойынша – 205 адам диагностикалық тестілеуге қатысты.

Ұлттық тестілеу орталығы сенімді әріптестік үшін Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығына алғысын білдіреді. Жылдың соңында оқыту нәтижесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлері бойынша сертификаттық тестілеудің жалғастырылуы ұсынылады.