29.01.2015 - «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебінде ҚАЗТЕСТ емтиханы ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсат-міндеттеріне қол жеткізу барысындағы негізгі нысаналы индикатор ретінде мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін жыл сайын арттыру жолға қойылған. Бүгінде қызмет атқарып жүрген ересек қауымға қазақ тілін жеделдете үйрету – еліміздің тілдік егемендігінің бірден-бір талабы. Бағдарламада мемлекеттік тілді білу деңгейін ҚАЗТЕСТ жүйесін пайдалану арқылы анықтау көзделген.

2015 жылдың 22-23 қаңтар аралығында «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебінің 29 қызметкері ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден өтті. Тестілеу 2014 жылдың маусым айында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша өткізілген диагностикалық тестілеудің нәтижесін қорытындылау үшін және сол тестілеу нәтижесі бойынша анықталған деңгейлерді (Қарапайым – А1, Базалық – А2, Орта – В1 және Ортадан жоғары – В2) растау мақсатында ұйымдастырылды. Тестілеу барысында қызметкерлер ҚАЗТЕСТ жүйесінің «Тыңдалым», «Лексика-грамматикалық құрылым» және «Оқылым» бөліктері бойынша тест түріндегі тапсырмалар және сөйлеу әрекетінің өнімді түрі «Жазылым» бөлігінен тапсырма орындады.

Аталған іс-шара бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында және 2014 жылдың 10 маусымындағы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына қазақ тілін білуге ҚАЗТЕСТ тапсыруды 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізу туралы шешімін жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.