26.01.2015 - Шетелдік жоғары оқу орындарынан Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына ауысу үшін студенттердің кешенді тестілеуін ұйымдастыру мен өткізу туралы

Шетелдік жоғары оқу орындарынан Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына ауысатын тұлғалар үшін 2015 жылдың 23-25 қаңтар аралығында 24 жоғары оқу орындарының базасында кешенді тестілеу өткізілді.

Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер ауысушы-студент оқуын одан әрі жалғастыруды жоспарлаған ЖОО-да қабылданды. Кешенді тестілеуге қатысуға өтініш бергендердің саны 19591-ді құрады, оның ішінде қазақ тілінде – 13465 (68,73%) және орыс тілінде – 6126 (31,27%) адам.

Тестілеу төрт пән бойынша өткізілді, тест тапсырмаларының жалпы саны – 100:

1. Қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі) – 25 тест тапсырмалары;

2. Математика - 25 тест тапсырмалары;

3. Қазақстан тарихы - 25 тест тапсырмалары;

4. Таңдау пәні таңдаған мамандығына байланысты - 25 тест тапсырмалары.

Жалпы кешенді тестілеуге 17131 ауысушы-студент қатысты, ол жалпы өтініш бергендердің 87,44% құрады, оның ішінде қазақ тілінде - 11642, орыс тілінде - 5489. Тестілеуді өткізу ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды, көбіне ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін 6 адам тестілеуден шығарылып, олардың тест нәтижелері жойылды.

Кешенді тестілеу нәтижесі бойынша 13124 (76,61%) ауысушы-студенттер (шығармашылық мамандықтарға ауысатын және тестілеуді екі пән бойынша тапсырған студенттерді есепке алғанда) немесе 5868 (34,25%) ауысушы-студенттер (шығармашылық мамандықтарға ауысатын және тестілеуді екі пән бойынша тапсырған студенттерді есепке алмағанда) 50 баллдан төмен алған.

Тестілеу нәтижесі бойынша әрбір қатысушы барлық пән бойынша жинаған балдары көрсетілген сертификат алады.