09.01.2015 - Дарынды оқушылар арасында қазақ тілін меңгеру бойынша республикалық олимпиада өтті

Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «ДАРЫН» Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп қазақ тілі ана тілі болып саналмайтын 5-10 сыныптарының дарынды оқушылары арасында қазақ тілін меңгеру бойынша «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты ІХ республикалық дистантты олимпидасының қорытынды кезеңін өткізді.

Олимпиаданың алғашқы кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен он-лайн режимінде 1900-ден аса дарынды оқушылар қатысып, екінші кезеңге 91 оқушы жолдама алған. Алғашқы кезеңдегі он-лайн тестілеу азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша ұйымдастырылды.

Дистантты олимпиаданың қорытынды кезеңі «ДАРЫН» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Ақмола облысының Щуче қаласындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталында өтті. Финалдық турға Астана мен Алматы қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 36 оқушы қатысты.

Тестіленушілердің ұлттық құрамы келесідей болды: орыс – 18, украин – 4, түрік – 4, неміс – 2, ұйғыр – 2, татар – 1, кәріс – 1, қырғыз – 1, поляк – 1, грек – 1 және өзге ұлт өкілі – 1 оқушы.

Финалдық тур 5, 6, 7 сыныптар үшін бір бөлек, 8, 9, 10 сыныптар үшін бір бөлек ұйымдастырылды. Дарынды оқушылар қазақ тіліндегі тілдік материалдарды тыңдап түсіну, оқып түсіну мен қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын меңгеру деңгейін анықтау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде тестілеу әдісімен өтті.

Әрбір топтан жүлделі орындар анықталды. Республикалық олимпиаданың жеңімпаздары дипломдар, мақтау грамоталары және қазақ тіліндегі көркем туындылармен марапатталды.