03.12.2014 - О.А. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің ұстаздары да ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өтті

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 3 шілдедегі №259 бұйрығына сәйкес О.А. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты (бұдан әрі – Мектеп) Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасына өту мақсатында мұғалімдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін ағымдағы жылдың 24 қарашасында Мектеп мұғалімдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау тестілеуі ұйымдастырылды. Тестілеуге 81 мұғалім қатысты.

Тестіленушілерге тыңдау арқылы қабылдаған мәтіндерді түсінуге, қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымын күнделікті өмірде қолдана білу дәрежесі, оқыған мәтіндерді түсінуге арналған 150 тест тапсырмасы ұсынылды, жалпы тест тапсыру уақыты 150 минутты құрады.

Бірінші бөлік – 30 тапсырмадан тұратын «Тыңдалым» бөлігі, көлемі мен күрделілігі әр түрлі 9 диалог пен 1 монолог жазылған аудиоматериалдар тыңдалды.

Екінші бөлік – қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымы, 70 тапсырма. Бұл бөлік тестіленушілердің 9 пайызына қиыншылық туғызды, себебі олар үшін қазақ тілі ана тілі болып саналмайды.

Үшінші бөлік – «Оқылым», 50 тапсырма. Берілген мәтіндерді оқып, мазмұны бойынша тапсырмаларды орындау қажет.

Тест құрамындағы тапсырмалар «жеңілден күрделіге қарай» ұстанымына негізделіп бес деңгей бойынша құрастырылған: қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары. Қазақ тілі ана тілі болып саналмайтын тестіленушілер үшін алғашқы диалог пен мәтіндер оңай болғанымен, кейінгі материалдар қиындық туындатты.

Тест нұсқаларында ұсынылған төрт жауаптың біреуі ғана дұрыс жауап болады. Мәтін мен тапсырманы дұрыс түсінбегендіктен тестіленушілер кейбір тапсырмаларды қате деп таныған. Күнделікті өмірде қазақ тілін қолданбайтындықтан және толық мағынасын түсінбегендіктен, тесттегі бірнеше жауабы дұрыс болып көрінген сәттер байқалды.

ҚАЗТЕСТ жүйесінің бірінші кезеңі диагностикалық тестілеу, екінші кезеңі сетификаттық тестілеу болып табылады. Демек, аталған Мектеп үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу бұдан былай дәстүрлі іс-шараға айналмақ.