03.12.2014 - Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздары қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша емтихан тапсырды

2014 жылдың 24-29 қараша аралығында Ұлттық тестілеу орталығы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлесіп, ұйымның Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Атырау Қызылорда, Тараз қалалары зияткерлік мектептерінің ұстаздар құрамы арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізінде кезекті тестілеу емтиханы өткізілді.

Тілдік тестілеу емтиханы сөйлеу әрекетінің үш түрі: тыңдап түсіну (тыңдалым), оқып түсіну (оқылым) және қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымы бойынша тапсыру ұсынылды. Бір нұсқада 150 тест тапсырмасы бар, 150 минут уақыт беріледі. Оның ішінде 30 тест тапсырмасы тыңдалым бөлігіне, 70 тапсырма лексика-грамматикалық бөлікке және 50 тест тапсырмасы оқылым бөлігіне тиесілі. Тестілеу емтиханына жалпы саны 479 адам қатысты. Алматы қаласы бойынша – 95, Қарағанды қаласында – 27, Павлодар қаласында – 45, Ақтөбе қаласында – 39, Орал қаласында – 17, Шымкент қаласы бойынша – 72, Атырау қаласында – 59, Қызылорда қаласында – 41, Тараз қаласында – 84 ұстаз тестілеуден өтті.

Емтихан нәтижесінде тестіленушілердің мемлекеттік тілді қандай деңгейге жақын меңгергендігі анықталды. Бұл сынақ ұстаздар құрамының қазақ тілін одан әрі тереңірек меңгеруге ықпал етеді. Жыл соңында ұстаздар өздері көрсеткен нәтижелері негізінде деңгейдің сертификатын иемденуге тест тапсырады, яғни зияткерлік мектептер ұстаздары мемлекеттік тілді меңгеру бойынша сертификатталған болады.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне үлкен мән беріледі. Ұйым өзінің ұстаздар құрамының мемлекеттік тілді меңгеруі арқылы мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесін қосып отыр.