26.11.2014 - 2014 жылғы педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуінің негізгі кезеңін өткізу туралы АҚПАРАТ

Ағымдағы жылдың 19-21 қараша аралығында педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуі өткізілді.

Біліктілік тестілеу - мерзімінен бұрын аттестатталатын педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау үшін өткізілетін міндетті кезеңдердің бірі болып табылады.

Біліктілік тестілеуге қатысуға өтініш бергендердің саны 13516-ны құрады (2013 жылы 11806 адам болған, яғни биылғы жылы 1710 адамға артық), оның ішінде қазақ тілінде – 9999 (73,98%), орыс тілінде – 3517 (26,02%) адам.

Тестілеуге ең көп өтініш берген облыстар: Оңтүстік Қазақстан - 2993, Қызылорда - 1608, Атырау - 1068. Ең аз өтініш берген облыстар: Астана қаласы - 263, Павлодар – 377, Ақмола облысы – 388.

Біліктілік тестілеуіне қатысқандардың саны – 12725, оның ішінде қазақ тілінде – 9381, орыс тілінде – 3344 адам (2013 жылы қатысқандар саны - 11008 болған, оның ішінде қазақ тілінде – 8278, орыс тілінде – 2730).

Тестілеу нәтижесі:

- Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша - 50%;

- педагогика және психология негіздері бойынша - 50%;

- негізгі пән бойынша - 70%-дан төмен болмаған жағдайда қанағаттанарлық болып есептелінеді.

Тестілеу нәтижесі бойынша педагог қызметкерлердің 7484-і межелік балдан өтпеді, немесе ол жалпы қатысушылардың – 58,81%-ын құрайды. 2013 жылы 7952 (ол жалпы қатысушылардың 72,24%) педагог межелік балдан өтпеген болатын.

«Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу» топтамасы бойынша тестілеуге қатысқан 12725 педагогтардың 9 балдық межелік деңгейден өте алмағандарының саны – 2036, ол осы пән бойынша жалпы қатысушылардың 16%-ын құрайды.

«Педагогика және психология негіздері» топтамасы бойынша тестілеуге - 12725 педагог қатысқан, олардың 9 балдық межелік деңгейден өте алмағандар саны – 4593 адам, ол осы пән бойынша жалпы қатысушылардың 36,09%-ын құрайды.

«Пәндік білім негіздері» топтамасы бойынша тестілеуге - 11978 педагог қызметкерлер қатысқан, олардың 13 балдық межелік деңгейден өте алмағандарының саны – 5161 адам, ол осы пән бойынша жалпы қатысушылардың 43,09%-ын құрайды.

Педагог қызметкерлерді тест тапсырмаларының үлгісімен таныстыру және бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс дағдысын қалыптастыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау online-тестілеуінен өтуге мүмкіндік берілген. Биылғы жылы online-тестілеуінен өткендер саны – 5976.

Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шартына сәйкес біліктілік тестілеуден теріс нәтиже көрсеткен немесе дәлелді себептермен қатыспаған педагог қызметкерлер екі айдан кешіктірмей қайта тестілеуден өтеді.

Қайта біліктілік тестілеуді өткізу ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.