22.10.2014 - II жартыжылдықтағы ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының алғашқы тәуелсіз сараптамасы өтуде

2014 жылдың 20қазанында Ұлттық тестілеу орталығы азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ жүйесіне арнап әзірленген тест тапсырмаларының тәуелсіз сараптамасын бастады. Жоспар бойынша аталған тапсырмалар ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына арналған. Сараптамаға ұсынылып отырған тапсырмалардың жалпы саны – 8100. Сараптама 5 күнге созылып, 20-24қазан аралығында өтеді.

Сараптамаға практикалық қазақ тілі, тіл білімін бағалау, тілді екінші немесе шетел тілі ретінде оқыту салалары бойынша еліміздегі беделді филолог ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамдарының өкілдері, тәжірибелі әдіскерлер мен ғылыми-зерттеу институтының білікті мамандары жұмылдырылып отыр. Сарапшылар саны 15 адамды құрайды.

Алғашқы сараптама бойынша нұсқалар қалыптастырылып, мақсатты топтарда байқау сынақтары ұйымдастырылады. Байқау сынақтарының нәтижелеріне сәйкес әр тапсырманың қасиеттері сараланады да, мақсатқа лайықты емес тапсырмалар қайта сараптамаға жолданады.

2006 жылдан бері қазақ тілін меңгерудің бес деңгейі (қарапайым-А1, базалық-А2, орта-В1, орталан жоғары-В2, жоғары-С1) бойынша 120 мыңнан аса тест тапсырмаларының қоры қалыптастырылып отыр.