20.10.2014 - Қазақ тілін меңгеру талаптарын анықтайтын мемлекеттік стандарттар қайта әзірленді

Ұлттық тестілеу орталығында ағымдағы жылдың 13-16 қазан аралығында қазақ тілін меңгеру талаптарын анықтайтын мемлекеттік стандарттар жобалары ұсыныстар, пікірлер, ескертпелер мен ізденістер негізінде өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатында қайта өңделді.

Мемлекеттік стандарттар қазақ тілін оқытудың мазмұнын анықтап, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын қалыптастыру талаптарын айқындайды. Стандарт ережелері қазақ тілін оқытумен айналысатын мекемелер мен ұйымдар қолданысында, мемлекеттік қызмет, бюджеттік сала, халыққа қызмет көрсету салалары және т.б. қызметкерлері үшін қазақ тілін меңгерудің қажетті деңгейін анықтауда қолданылады.

Мемлекеттік стандарттар алғаш рет 2009 жылы қолданысқа енгізілген. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін тіл меңгерудің қажеттілігіне байланысты және оқыту әдістемелерінің жаңаруына сәйкес мемлекеттік стандарттар мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Тіл меңгеру деңгейлеріне сәйкес тілдік ниеттер (интенциялар) мен тілдік құзыреттілік талаптарын нақтырақ анықтап, мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес белгілі бір көлемде (деңгейге сәйкес) меңгеруі абзал кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін де нақтылап, қолданысқа ендіру қажет болды.

Осы мақсатта стандарттардың әзірлемешілер мен құрастырушылар жұмыс тобына филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, қазақ тілін оқыту мазмұнының талаптарын анықтайтын нормативтік-әдістемелік құжаттар мен басқа да нұсқаулық материалдарды қалыптастыруда тәжірибелі практик-мамандар жұмылдырылды.

Жұмыс нәтижесінде деңгейлерге сай қазақ тілінің грамматикалық тақырыптары нақтыланды, тіл меңгерудің оқу материалдарының деңгейлік бірізділік қағидасына сәйкес грамматикалық бірліктердің мағынасы ашылды.

Мемлекеттік стандарттар тәуелсіз сараптамадан өткізілгеннен кейін барлық мемлекеттік мекемелермен келісіледі.